Бүгінде еліміз дамудың жаңа белесіне көтеріліп, дүниежүзінің ең дамыған 30 елінің қатарына ену жолында. Көпұлтты республикамыздың қол жеткізген жетістіктері Елбасының сара саясатының, қоғамдағы тұрақтылықтың, бейбітшіліктің, ынтымақтастықтың нәтижесінде екені шындық. Елімізде ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің тиімді моделі қалыптасты. Қазақстан моделінің ықпалдылығы әлемдік қауымдастықта танылып, киелі қазақ мекені әлемдік дәстүрлі діндер кездесулері мен халықаралық алқалы жиындардың  тоғысқан жеріне айналды. Бүгінгі мерекенің де «Қазақстан халқының бірлігі Күні» деп аталуының себебі осы болса керек.

Тәуелсіз еліміздің әрбір арайлап атқан таңы тарихи оқиғаларымен, тарихи өзгерістерімен халық есінде сақталады.  Биылғы  жыл ел өмірінде өсіп-өркендеу, саяси өрлеу жолындағы аса зор орын алатын елеулі оқиғалармен басталды. Оның бастысы – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы болды. Еліміздің жедел даму, өркендеу жолына арналған Жолдаудың әрбір сөзі Қазақстан халқына деген зор қамқорлыққа толы болып, бүгінде Қазақстанда тұратын барша ұлт өкілдері арасында үлкен қолдауға ие болуда.

Биылғы жыл да біздің еліміз үшін, соның ішінде біздің өңір үшін тарихи оқиғаларға толы екендігін жақсы білесіздер. Қазақ  хандығына 550 жыл, Ата Заңымыздың қабылданғанына 20 жыл, Ұлы Жеңіске 70 жыл, әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл сияқты еліміз үшін маңызды даталар аталып өтуде. Санаулы күндер бұрын 26 сәуір – Қазақстан Республикасының Президентін сайлауы өтіп, нәтижесінде сайлаушылар дауысының айқын басымдылығымен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетті. Ендігі мақсат елімізді, соның ішінде, ауданымызды мекен етіп жатқан барлық ұлттар мен ұлыстар жұмыла еңбек етіп, Елбасымен бірге ел еңсесін көтеру.

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі арқылы қазақ жері қашанда өрлеу мен өркендеуді, тұрақтылық пен ынтымақты, жаңару мен жасампаздықты қолдап, іркіттей ірімей, айрандай ұйып ұйымшылдықты, бірлікті, ұлттық рухты таныта бермек. Бірнеше күннен кейін бүкіл халық болып Ұлы Жеңістің 70-жылдық мерекесін атап өтеміз. Бүгінгі жарқын өмір үшін, бейбіт заман үшін от кешкен, қан майданда ерлікпен күрескен аталарымыз бен әкелеріміздің алдында кейінгі ұрпақ – біздер қарыздармыз. Сондықтан да бүгінде арамызда тірі жүрген ардагерлерге аянбай құрмет көрсету біздің борышымыз.

Құрметті жерлестер! Бізге керегі ынтымақ, берекелі еңбек, бейбіт өмір. Осы бірлігімізден айырылмайық, әкелеріміздің, бабаларымыздың өмірімен келген бейбітшілікті, елдігімізді  сақтайық. «Ынтымақ бар жерде, ырыс бар». Барша әлемге үлгі тұтарлық халқымыздың береке-бірлігі мен тұрақтылығы арта берсін!

Үржар ынтымақ пен берекенің ордасы. Бір қанатын жер жаннаты Жетісуға жалғап, Барқытбелдің күнгейін алып жатқан қасиетті Үржарымыздың экономикалық әлеуеті, әлеуметтік жағдайы, мәдениеті өркендей берсін!

«1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі  Күні» құтты болсын! Әр отбасына амандық, молшылық тілеймін!