Биыл бүкіл қазақстандықтар Елордамыз – Астананың он жеті жылдық мерекесін атап өтуде!

Біз нағыз тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың нәтижелі істері мен жасампаз ойлары қазақ мемлекетін өркендетіп, кемелдендірген зор бастамаға айналды. Сол бастамалардың бірі және бірегейі – еліміздің саяси орталығының Астана қаласына көшуі. Жаңа ғасыр табалдырығында біздің таңдауымыз сайын дала, көне Сарыарқаның төрінде қоныс тепкен жаңа астанамызға түсті. Бұл таңдау астарында Елбасымыздың айқындамасы ғана тұрған жоқ, бұл таңдауда қазақ халқының даналығы тоғысып жатыр.

Бүгін туған күнін атап жатқан жас, әрі қарқынды дамыған Астана – намысшыл және өресі биік тәуелсіз еліміздің бас нышанына айналды. Тәуелсіздігіміздің тарихи шежіресінде Елорданы Алматыдан Астанаға ауыстыру, ядролық қарудан бас тарту, өз қарулы күшімізді құру, көптеген халықаралық ұйымдарға басшылық жасау, өзекті әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу сынды маңызды шаралар ел стратегиясының басым бағыттарына айналды.

Нақтылап айтсақ, мемлекет саясатының негізгі бағыты экономикалық әлеуетіміз бен  әлеуметтік салаларды жақсарту ісіне бағытталғандығын айтуымыз керек. Соның нәтижесінде ауданымызда білім саласының дамуына ерекше назар аударылуда. Жаңа мектептер салынып, көптеген мәдени ошақтар, мектептер мен денсаулық сақтау мекемелеріне күрделі және ағымды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Барлық қазақстандықтарды жігерлендіріп отырған Астананың табысы – Елорданың бас сәулетшісі әрі негізін қалаушы, идеяның авторы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев болғаны барша жұртқа аян. Жыл  сайын өркен жайып, гүлденіп келе жатқан Елордамыз бүкіл қазақстандықтардың қуанышы мен шаттығының үлгісі. Астанамыз келген қонақтарды таң қалдыратын, Еуразия кеңістігінде ең көркейген сәулетті қаланың біріне айналды. Күннен – күнге Астана келбеті өзгеруде. Уақыт өткен сайын көркейіп, асқақтай түсуде. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы елдің қарқынды дамуының жарқын көрінісіне айналды. Сондықтан барлығымыз «Біздің Отанымыз – Қазақстан, біздің Елордамыз – Астана!» деп мақтанышпен айта аламыз. Әрбіріміз Астананың жаңа табыстары мен жетістіктері туралы естігенде ерекше мақтанышпен «Бұл – менің Елордам!» дейтіндей болайық!

Астана күні тек қана астаналықтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың мерекесі бола берсін! Бүгінгі ұрпақ Сіздер мен біздер ұланғайыр жерімізде тұңғыш рет Тәуелсіздігімізді жариялаған,  Көшбасшымызды сайлаған, өз Елордасына таңдау жасаған халықпыз. Сондықтан да біз бақыттымыз.

Елорда күні құтты болсын, құрметті жерлестер!

Барлықтарыңызға бақыт, гүлдену мен шаттық тілеймін!